Өміріңді өзгерткің келсе өзіңнен баста
Өз өзіңді жақсы көру - эгоизм емес!
1
«Әуелі іштегі сенімді ояту қажет».
КБ
Кәмшат БЕКЖІГІТОВА, психолог: «Өзін-өзі жақсы көру – эгоизм емес»

Қазіргі уақытта жаны қиналып, әртүрлі тығырықтан шығар жол таппай жүрген жандардың қарасы қаншама. Ел арасында «психологқа психикалық ауруға ұшырағандар ғана барады» деген түсінік қалыптасқан. Бұл қате пікір дер едік. Себебі күнделікті тіршілік барысында кез келген адам әртүрлі күйзелісті бастан кешіріп, ірілі-ұсақты дағдарысқа ұшырап жатады. Осындай проблемалар отбасы жанжалына, ішкілікке, тағы басқа келеңсіздікке ұласады. Белгілі психолог, халықаралық кәсіби коуч Кәмшат Бекжігітовамен осы және өзге де мәселелер жөнінде сөз қозғадық.

– Қазіргі уақытта адамдардың басты проблемасы не деп ойлайсыз?

– Маған осы проблеманың болғаны ұнайды. Ақшасы жоқ адамның мұқтаждығы ақша десек, ақшасы бар адамдарды қайтеміз? Оларда да жетіспеушілік бар. Оның бәрі рухани күйзеліс дер едім. Біз тәннің қалауын асыра орындадық. Әдемі киінеміз. Тіпті бір тойға киген көйлекті екінші тойға кимейміз. Не ішем, не жеймін дейтін заман емес. Бәрі бар. Жанымыз шөліркеді. Қазір сондай бір рухани аштық, рухани күйзеліс болып жатыр. Әр адам рухани күйзеліс арқылы ғана өзін табады.

– Аффирмация туралы айтып беріңізші. Айнамен жұмыс істеудің қандай пайдасы бар?

– Бұл өте қарапайым. Байқап қарасақ, жақсы дүниенің көбі қарапайым нәрсенің артында жатады. Луиза Хейдің кеңестері арқылы көп нәрсе түсіндім. Қазақта «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген сөз бар. Апам үнемі «Жаман сөз айтпа, періштелер әумин деп қояды» деп айтып отыратын. Соны түсінбеппіз. Адам өзін жақсы көруі керек. Өзін-өзі жақсы көру – эгоизм емес. Ол – Алла тағала сені қалай жаратты, соған разы болу, өзіңді бар болмысыңмен қабылдау. Өзіңе өзің ұнамасаң, басқаға «мені сүй, жақсы көр» деп айта алмайсың. Бірінші өзіңді қабылда. Сол кезде сені бүкіл әлем жақсы көреді. Өзін де, өзгелерді де өзгертем деген адам үшін таптырмас құрал – айнаман жұмыс істеу. Бізге «сен өзіңді жақсы көр, сенің қолыңнан бәрі келеді, сен жасай аласың» деп ешкім айтпаған. Өзіңді-өзің бағалау үшін алдымен өзіңді жақсы көруің қажет. Өзіңді жақсы көріп, ішкі сенімің артқан кезде адамдардың пікірі маңызсыз болып қалады. «Мен мұны жасай алам», «Менің қолымнан келеді» деп жиі айту керек. Жақсы ой жақсы сөз тудырады. Жақсы сөз жақсы әрекетке итермелейді. Мәселен, бір әнші сахнаға шыққанда қатты қобалжыды делік. Көйлегім дұрыс болмай тұр, қыртыс сияқты деп бүкіл ойын сол көйлекке салса, жақсы өнер көрсете алмайды. Оның бәрі ішкі сенімсіздіктен. Сондықтан ең әуелі іштегі сенімді ояту қажет.



– Байқасақ, барлық адам бақыт іздеп жүргендей көрінеді. Бақыт іздеген адамның өмірге келу мақсаты қандай?

– Бүкіл адам бақыт іздеп жүргені шындық. Бақыт дәл осы жерде, біздің қасымызда. Сізбен кездесіп отырғанымның өзі бақыт деп есептеймін. Әдетте адамдар хан сарайындай зәулім үйім болса, қымбат көлігім болса, жағдайым жақсы болса, менен бақытты адам болмас еді деп жатады. Бұл мүлде қате пікір. Жаяу жүріп бақытты сезіне алмасаң, қымбат көлігің немесе зәулім үйің болғанда да бақытты бола алмайсың. Бақыт – өмір сүріп жатқаныңды, тірі жүргеніңді сезіну. Қалған дүниенің бәрі ұсақ-түйек нәрсе деп ойлаймын.

– Десе де мақсатқа жету әр адамның негізгі нысанасы емес пе? Мақсатты қалай айқындауға болады?

– Мақсат жөнінде маған күніне мыңнан аса хат келеді. Олардың сексен-тоқсан пайызы мақсатын іздеп жүрген адамдар. Мақсаты жоқ адам әркімнің қолшоқпары. Кім не айтса, соның айтқанымен жүреді. Мақсат – өмір сүрудегі дұрыс бағдар. Оған жету жолындағы нақты жоспары бар адам адаспайды. Атақты логотерапевт Виктор Франкл адам үш жағдайда өмірдің мәнін табады дейді. Бірінші – істе. Әртүрлі іспен айналысып, бәрін көрген адам түбінде өз ісін табады. Екінші – өміріңе әлдебір адам келгенде. Бейтаныс адам әлдеқандай себептермен сізді мүлде өзгертіп жіберуі мүмкін. Үшінші – қатты қиналғанда. Адам тығырыққа тіреліп, енді қайда барарын білмей күйзеліске түскен кезде өмірдің мәнін табады. Өзім осы үшінші жағдайда ғана өмірдің мәнін таптым. Мақсат – өзіңнің сүйікті ісіңмен айналысу. Мәселен, маған жазған ұнайды. Психологияны оқыдым, түрлі курстарды бітірдім. Қазір семинар-тренингтер өткізіп жүрмін. Қанша ақша берсе де ол маған қуаныш сыйламайды. Себебі менің сүйікті ісім – жазу. Өмірлік мақсатым – адам баласына пайдалы болу. Егер діттеген мақсатыңа жетсең, жоғарыға қолыңды созып көр. Қолың ештеңеге тірелмесе, ары қарай жүру керек. Алла тағаланың адамға берген үлкен сыйы – шексіз қабілет. Оны аша білу қажет. Өз ісіңмен айналысқан кезде ғана өмірден ләззат аласың. Ол кезде ақша да өзі келеді. Оған еш бас қатырмайсың. Сол себепті әр адам алдымен мақсатын айқындап алғаны дұрыс.

– «Мықты болсаң, өзіңнің нәпсіңді жең» дейді хәкім Абай. Адамның өзімен күресі өмір бойы жалғасады. Сізбен кездесетінімді естіген бір досым жаман әдеттерін тастай алмай жүрген жақын досына көмектескісі келетінін айтып еді…

– Бәріміз айналамызды өзгерткіміз келеді. «Амалдар ниетке байланысты» (хадис). Барлығы осы ниетте тұр. Егер адамның өзі қаламаса, былайша айтқанда өзгеруге деген ниеті болмаса, он психологты апарсаң да өзгермейді. Өте қиын. Сондықтан ниет маңызды. Ниеті күшті, өзгеруді қатты қалаған адамға ештеңе кедергі бола алмайды. Ондай адам қалағанына қол жеткізеді.



– Соңғы жылдары елімізде тренинг саласы дамып жатыр. Ел арасында тренинг-семинарлардың көбеюі туралы әртүрлі пікір бар. Бірі бизнес десе, енді бірі түк пайдасы жоқ, халықты алдау дейді. Не айтасыз?

– Түк жасамаған адамға диванда отырып алып сынау оңай. Тренинг көбейді деп айта алмаймын. Саусақпен санарлық қана бизнес-тренерлер бар. Ары кетсе, онға жететін шығар. Оның өзінде Астана мен Алматыда ғана. Жалпы әркім шамасы жеткенше анализ жасауы керек. Бар. Көр. Тыңда. Керегіңді ал, керек емесін сол жерде қалдыр. Тренингтің көбейгені жақсы. Одан ешкім жаман болмайды. Уақыт өзі сараптайды. Шынымен сол саланың адамы қалады, болмаса кетеді. Еш зияны жоқ деп ойлаймын. Тек әр адам сараптай білсе болды.

– Күніңіз қалай басталып, қалай аяқталады?

– Күнде таңғы бесте тұрам. Таң намазынан соң міндетті түрде көп мөлшерде су ішіп алып, далаға шығып бір сағаттай жүрем. Өзімді соған тәрбиелеймін. Пайдалы болған соң істеймін. Жүгіру маңызды емес. Жүгірсеңіз жақсы, әрине. Бірақ таңертеңгілік жаяу жүрудің өзі өте пайдалы. Содан соң таңғы ас дайындаймын. Балаларым ұйқысынан оянады. Ары қарай жоспар бойынша жұмысым басталады. Ал кешке ерте жатам. Ең бастысы – жатар кезде жақсы көңіл-күймен ұйықтаймын. Той-томалақ, жиындарды ұнатпаймын. Алтын уақытты пайдасыз дүниелерге жұмсағым келмейді. Кейде әлеуметтік желіде отырып әркімнің жазбасына пікір қалдырып, қызылкеңірдек болып жататын адамдардың уақытын маған берсе ғой деп ойлаймын…



– Бала тәрбиесі өте маңызды. Бала дұрыс қалыптасып, өсу үшін не істеу керек?

– Кез келген ата-ана балам қандай, қалай тәрбиелеп жатырмын
деп міндетті түрде ойланады. Балаларды зерттей келе байқағаным – бізде баланың қабілетін ашатын мектеп жоқ екен. Қазір осы олқылықтың орын толтыру мақсатында балалардың қабілетін анықтайтын орталық ашып жатырмын. Мамандарды өзіміз оқытып, дайындадық. Қыркүйектен бастап іске кіріспекшіміз. Баланың қабілетін кішкентай кезінен бастап анықтап, соған қарай бағыттаса, әрненің басын бір шалып уақытын құртпайды. Проблема көп, анау-мынау деп отыра бермей,
қолымыздан келген нәрсені жасауымыз қажет. Әрқайсымыз мүмкіндігімізше қимылдасақ ұтылмаймыз.

– Ақша өзі келеді дейсіз. Оныңыз дұрыс та шығар. Ал ақша туралы көп ойлайтындарға не дейсіз?

– Ең бірінші ақшаны жақсы көру қажет. Келген ақша тек қана жақсылық әкеледі. Алла тағаланың адамға берер ризық-несібесі шексіз. Үлкен қарызға баттың ба, онда қолыңа ақша тиген кезде аз-аздан болса да қайтаруды ойла. Айлығыңның он пайызын қарызға бер. Қарызыңды қимай беруді қой. Себебі алған кезде қуандың ғой. Қайтарарда да қуанып бер. Қарызыңды берерде қарыз қайтарып емес, маған қуаныш сыйлаған ақшаны беріп жатырмын деп ойла. Сонда ол саған оңай әрі тез келеді. Бұл үлкен тақырып. Аз уақыттың ішінде тауысып бітпейміз. Қазір осыған қатысты бір кітап жазып жатырмын.

– Жастарға тап қазіргі күні қандай кеңес бересіз?

– Қазір айналысып жүрген ісің сенікі ме, жоқ па? Ең бірінші соны анықтап ал. Өзіңдікі екенін түсінсең, сол бағытта өс, сол бағытта өзіңді дамыт. Көр. Ұқса. Үйрен. Бірақ біреуді көшірме. Себебі сен де ерекше тұлғасың. Жан-жақты дамы. Өз салаңның мықтысы бол!

Әңгімелескен
Жандарбек ЖҰМАҒҰЛОВ


Made on
Tilda